СҚО-да сотталғандар арасында сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының байқауы өтті

АСТАНА. KAZINFORM - Петропавл қаласындағы «Ботай» көркемсурет галереясында сотталғандар арасында «Үміт–2026» картиналар мен сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының байқауы өтті, — деп жазды Polisia.kz.

Фото: Polisia.kz

Байқауға Солтүстік Қазақстан облысының ҚАЖ жүйесіндегі бес мекемеден сотталғандардың 18 шығармашылық жұмысы қатысты. Қазылар алқасының назарына картиналар, ұлттық қазақ киімдерінің заманауи үлгіде қолмен тігілген нұсқалары, сондай-ақ ермексаздан жасалған композициялар ұсынылды.

Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында департамент басшылығы, қоғам белсенділері, кәсіби өнертанушылар, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің және бейнелеу өнері музейінің өкілдері болды.

Байқау барысында әрбір мекеменің өкілдері сотталғандардың шығармашылық жұмыстарын таныстырып, олардың идеясы, орындалу ерекшеліктері және авторлары туралы айтып өтті.

Фото: Polisia.kz

Ұсынылған туындылар қатысушылардың көркемдік қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар олардың өзін-өзі дамытуға, шығармашылық әлеуетін арттыруға және мәдени құндылықтарға баулуға деген ұмтылысын көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды №50 мекемесінің сотталған әйел азаматы заманауи үлгіде орындалған «Қазақ тренчі» ұлттық киімімен иеленді. Екінші орын №52 мекемесінің сотталған азаматына «Туған өлкенің алтын шуағы» картинасы үшін берілді. Ал құрметті бірінші орынға №52 мекемесінің тағы бір сотталған азаматы «Күзгі таң» картинасымен ие болды.

Байқаудың үздік жұмыстары енді республикалық кезеңге жолданып, онда Солтүстік Қазақстан облысының атынан ұсынылатын болады.

Бішкекте өмір бойына сотталған азаматтың картиналары бір сағатта сатылып кеткенін жазған едік.