СҚО-да сотталғандарға көмек көрсететін ЖИ кеңесші іске қосылмақ

Фото: Қозыбаев университеті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жасанды интеллектіні қолданып, сотталғандарға арналған құқықтық кеңесші әзірленетін болады.

Әлеуметтік маңызы зор жобаны жергілікті университет әзірлейді. Жобаның негізгі мақсаты – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырғандардың құқықтық ақпаратқа тең әрі қауіпсіз қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл бастама сотталғандардың құқықтық сауатын арттыруға және олардың заңды мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына жағдай жасауға бағытталған. Осыған орай Қозыбаев университеті мен Soilephone кәсіпорны ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Фото: Қозыбаев университеті

Бұған дейін компания ҚАЖ мекемелерінде қауіпсіз байланыс орнатуға арналған бейнетаксофон платформасын әзірлеп, енгізген. Бейнетаксофондар сотталғандардың туыстарымен және заңды өкілдерімен байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Енді жаңа жоба нәтижесінде сотталғандар бейнетаксофондар көмегімен құқықтық ақпаратқа қол жеткізіп, заңнама нормаларының түсіндірмесін бейімделген әрі түсінікті форматта ала алады. Бұл, жобаны әзірлеушілердің айтуынша, құқықтық даулар мен ішкі қақтығыстардың азаюына ықпал етеді.

Фото: Қозыбаев университеті

ЖИ кеңесшісі қылмыстық заңнама, қылмыстық-атқару, азаматтық, әкімшілік заңнамалар бойынша ақпарат береді және заңды өкілдіксіз пайдалануға болатын өтініш үлгілерін ұсынады.

Сонымен қатар, жүйе шағымдар мен өтініштер беру тәртібі, шартты түрде мерзімінен бұрын босау, басқа ұстау шарттарына ауыстыру, кездесулер мен хабарламалар алу тәртібі туралы түсіндіреді.

Университет ректоры Ербол Исақаевтың айтуынша, бұл жоба сотталғандарға нақты көмек көрсетуді мақсат етеді. Жоғары оқу орны биыл өңір кәсіпорындарымен бірлесіп, жеті жобаны коммерцияландыруға ұсынған. Мұндай серіктестік өндірістік компанияларға қуатты арттыруға және ғылыми идеяларды тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді.

Ал, жобаны іске асыру барысында нормативтік базаға талдау жүргізіледі, сәулеті жобаланады, сондай-ақ ҚАЖ мекемелерінің бірінде пилоттық жоба іске қосылады.

Бұған дейін СҚО-да түзеу мекемесінің бастығы ұсталғанын ҰҚК растағанын жазған едік.