СҚО-да сірке қышқылын ішкен әкімдік қызметкері екі аптадан кейін қайтыс болды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігінің қызметкері ауруханада қайтыс болды.

Фото: Петропавл көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы

1964 жылы туған әйелдің өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер екі аптаға жуық күресті. Алайда медицина мамандарының барлық күш-жігеріне қарамастан, 15 қарашада жансақтау бөлімінде науқас көз жұмды.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 3 қарашада болған. Аудан әкімдігінде статист болып жұмыс істеген 62 жастағы әйел жұмыс орнынан ауыр химиялық улану белгілерімен ауруханаға жеткізілді. Ол дәрігерлердің бақылауында болды.

Осы факті бойынша СҚО полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

— Құқық қорғау органдары болған жағдайдың мән-жайын анықтайды. Заң талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Әлеуметтік желілерде оқиғаның аудан әкімдігінде жүргізілуі мүмкін қаржылық тексеріспен байланысы туралы болжамдар тараған. Алайда әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Бұған дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде оқыған бірінші курс студенті мерт болғанын жазған едік.