СҚО-да су қоймасындағы су деңгейі төмендеп келеді
19:20, 04 Мамыр 2020
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны жағдайы тұрақты. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құтқарушылар су деңгейінің төмендегенін гидрологиялық посттардан бақылап жатыр. Су қоймаларында да дәл осындай жағдай. Сергеев су қоймасында 4 мамырдағы жағдай бойынша су межеден 89 см асқан. Бір тәулікте 9 см төмендеген.
Петропавлдағы су торабындағы судың деңгейі 39 см азайған. Тасжол арқылы алты учаскеге су ағып жатыр. Соның ішінде үшеуі Петропавлға жақын маңда. Заречный кенті мен қаланың негізгі бөлігі арасындағы қатынас үзіліп қалған.
Бұдан бұрын құтқарушылар су тасқынының екінші толқынынан қорқудың қажеті жоқ екендігін хабарлады.
«Су бірқалыпты жайылды. Олар өзендерге барып құйылды. Су тасқының екінші толқынынан қорқудың қажеті жоқ. Таяу уақытта бақылау посттарын алып тастаймыз», - деді Н.Атығаев.
Авторы: Олеся Жуковень