СҚО-да су кірген ауылдарға тұрақтандыру қорының өнімдері жеткізіледі

Фото: Фото: СҚО әкімдігі баспасөз қызметінен

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына байланысты күрделі жағдай қалыптасқан елді мекендерге азық-түлік жеткізілмек. Қажетті өнім тұрақтандыру қорынан алынады.

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыстың тұрақтандыру қорын тексерді.

Фото: СҚО әкімдігі баспасөз қызметінен

Қазір мұнда 9 мың тонна әлеуметтік маңызы бар өнім бар. Бұл көкөністер, күріш, қарақұмық, макарон өнімдері, қант, тұз, тауық еті, жұмыртқа және күнбағыс майы. Аталған қор 5 айға жетеді.

«Қажет болған жағдайда тұрақтандыру қорының өнімі күрделі су тасқыны жағдайы қалыптасатын елді мекендерге көліктермен жеткізілмек. Жалпы, бұл кезеңде ең қажетті тауарлар бағасының көтерілуіне жол бермеу және баға өзгерген кезде интервенция жасау өте маңызды», - деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желіде.

Еске салсақ, СҚО-да Есіл өзенінің суы бір тәулікте 5 метрге көтерілгенін хабарлаған болатынбыз.