Арнаулы мемлекеттік қордан Солтүстік Қазақстан облысының ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су құбыры инфрақұрылымын дамытуға 45 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
- Бұл қаражат есебінен өңірдің сумен жабдықтау жүйесін жақсартуға бағытталған 48 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында Соколов, Булаев және Преснов топтық су құбырларын реконструкциялау, сондай-ақ Айыртау және Шал ақын аудандарындағы ауылдарда Көкшетау топтық су құбырына қосылатын жаңа су құбырлары мен су тарту тармақтарын салу жобалары бар, - деп жазды Үкіметтен.
Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдарда барлық жұмыс аяқталғаннан кейін халық сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда еліміздегі ең ұзын топтық су құбырлары Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Олардың жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады. Осы құбырлар арқылы 175 мыңнан астам тұрғыны бар 229 ауыл ауыз сумен қамтылып отыр. Петропавл қаласының тұрғындары 100%, ал ауылдардағы халық 97,5% сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізген.
Айта кетейік, Жамбыл облысында Жаңаөткел ауылы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді.