СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы жылдары өңірде су басу қаупі бар 175 елді мекенде тиісті шаралар қолға алынып, нәтижесінде олар су басатын ауылдар тізімінен алынды.
130 км болатын проблемалы учаскелерде жер үймелері, 7 км қорғаныш дамбалары, өңірдің автожолдарында 89 су өткізетін құбыр, 16 тюбинг, 55 км астам жер асты арналар жүйесі салынып, жөнделді. Өзен арналары тазартылып, жағаны бекіту жұмыстары жүргізілді.
Су тасқынынан қауіп төнген жағдайда жергілікті атқарушы органдар 1416 адам мен 1180 техниканы шығаруға дайын. Тасқын судан зардап шеккендерді көшіруге 255 эвакуациялық пункт әзірленді.
Бұдан басқа 114 жүзу құралы, 15 мың тоннадан артық инертті материал, 41 мың қап, 190 мың тоннаға жуық жанар-жағармай әзірленген.
«Су тасқынымен күреске құтқарушылар, Ұлттық ұлан және полиция қызметкерлері – 472 адам және 134 арнайы техника шығарылмақ.
Өткен жылдардың тәжірибесін ескере отыра, департамент күштер мен құралдар тобын құрды. Олар су тасқыны болуы мүмкін учаскелерге алдын ала 8 бағыт бойынша жіберіледі», - дейді СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов.