СҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Ғабит Мүсірепов ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық жасау үшін арнайы шот пен көмекке берілетін бұйымдарды жинау пункті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қадірлі жерлестер! Сіздерден кез келген көмек түрін көрсетулеріңізді өтініп сұраймыз (қаржылай, алғашқы қажеттілік бұйымдары, құрылыс заттары: кірпіш, цемент, блок және т.б). Мұның бәрі жерлестеріміз, Мүсірепов ауданы Рузаев ауылдық округінің тұрғындарына табысталады. Олар табиғат апатынан зардапқа ұшырағанын білесіздер», - делінген хабарламада.

Аудандық ардагерлер кеңесі жанынан есеп шоты ашылған. Сондай-ақ, Рузаев ауылдық әкімдігінде және Новоишимское ауылындағы «Балицкий» ЖК құрылыс алаңында материалдық көмекті сақтауға, үлестіруге арналған екі пунк ашылған.

Айта кетейік, Рузаев ауылын қарғын су басып қалған еді. Ондағы 180 үй су астында қалды. Оның 7-еуі толық қираған.