СҚО-да суық тиіп ауырғандар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп

Фото: Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар саны 84 мыңға жуықтады. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда шамамен екі есе көп. 

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың эпидемиологиялық маусымында 42 569 адам сырқаттанған.

Науқастардың 54,5 мыңға жуығы немесе 65 % - 14 жасқа дейінгі бала.

Өткен жылғы 13 қарашадан бастап облыста тұмаумен ауыру жағдайлары тіркеле басталды. Осы аралықта өңірде барлығы 74 адам А (H3N2) типті тұмауды жұқтырған. Былтыр қауіпті дерттпен осы кезеңде 250-ден астам адам ауырған.

«Тұмаумен ауырғандардың ең көбі Петропавлда, 36 адам жұқтырған. ЖРВИ мен тұмау ауруының негізгі белгілері: жоғары температура, жалпы интоксикация, әлсіздік, тамақ ауруы, мұрын бітелуі. Құбылмалы ауа райына байланысты өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Сондықтан ауруды жұқтырмау үшін маска киюге, әлеуметтік ара қашықтықты сақтауға, халық көп жүретін жерлерге бармауға және жеке бас гигиенасын сақтап, қолды жиі сабындап жууға кеңес береміз. Өйткені ЖРВИ мен тұмау вирусы ауа-тамшы жолдарымен ғана емес, қолмен де көзді, мұрынды, ауызды ұстаудан шырышты қабат арқылы берілуі мүмкін», - дейді санитар дәрігерлер.

Мамандардың айтуынша, ЖРВИ мен тұмаудың алғашқы белгілерінде өзін-өзі емдеуге болмайды, медициналық көмекке жүгіну қажет, дәрігерді үйге шақыру керек, ауруды таратпау үшін науқас баланы балабақшаға немесе мектепке жібермеу керек. Ал асқынған жағдайда өкпенің қабынуына әкелуі мүмкін.