СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай сырқаттанушылықтың маусымдық өсуімен сипатталады. Эпидемиялық майсым 1 қазан басталды. Осы күннен бастап ЖРВИ–дің 20483 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 42 %-ға артық. Былтыр осы аралықта 14390 адам ауырған. Науқастардың басым бөлігі - 14 жасқа дейінгі балалар, бұл 13416 жағдай немесе барлық сырқаттанғандардың 66 %.
Тұмау бойынша да жағдай мәз емес. Алғашқы науқас 14 қазанда анықталған. Жалпы облыста барлығы В типті тұмаудың 244 және А типті тұмаудың 2 зертханалық расталған жағдайлары тіркелді. Айта кетерлігі, ауырғандардың ешқайсы тұмауға қарсы екпе алмаған.
Соның ішінде науқастардың 46-сы жүкті әйел, бұл – 18 %, ал 31 % немесе 76-сы - 14 жасқа дейінгі бала.
Сырқаттанғандардың тең жартысы Петропавл тұрғындары.
Биыл тұмаудың алдын алу мақсатында өңірге ресейлік вакцинаның 75 мың данасы алынды. Ол қауіп тобына жататын медицина қызметкерлеріне, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балаларға, балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балаларына, қарттар үйлерінің контингентіне, есепте тұрған оқушыларға, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүкті әйелдер мен қарт адамдарға егілді.