СҚО-да тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында спирттік ішімдіктен толық бас тартқан ауылдардың саны 13-ке жетті.

Бұл тізімде енді М.Жұмабаев ауданындағы Сулышоқ елді мекені де бар. Петропавлдан 115 км қашық жатқан ауылда, полицияның мәліметінше, соңғы жылдары мас күйінде жасалған бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген.

Сулышоқ ауылында 217 адам тұрады, 45 үй бар. Елді мекенде балабақша мен негізгі орта мектеп жұмыс істейді. 

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Ауыл тұрғындарының негізгі бөлігі осындағы «Агро-Комплекс-Сулышок» ЖШС еңбек етеді. Шаруашылықты ауыл тумасы, кәсіпкер Қайрат Жәнібеков басқарады. Успен ауылдық округінің әкімі Сарагүл Бейсебаеваның айтуынша, мұнда тәртіп пен еңбекқорлық бірінші орында. Оның көшелердің тазалығынан, халықтың көңіл күйінен-ақ байқауға болады. 

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО полиция департаментінің мәліметінше, 2021 жылдан бастап облыста ішімдік тұтынудан толық бас тартқан елді мекендер саны артып келеді. Бүгінде мұндай 13 ауыл бар және олардың ешқайсысында соңғы 5 жылда қылмыс тіркелмеген.

Бұған дейін Павлодар облысында 16 ауыл ішімдіктен бас тартқанын жазған едік.