СҚО-да тасқыннан кейін су қоймаларының жағдайы тексерілді

Фото: Фото: МТРК

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезінде Сергеев су торабы арқылы осындай 13 су қоймасының мөлшеріне тең су өткен. Өңірде тасқыннан кейін гидротехникалық құрылыстарға комиссиялық тексеру жүргізілді. Нысандардың жай-күйі туралы «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин брифингте айтып берді.

Спикердің айтуынша, өңірде негізгі үші су қоймасы бар, олар: Сергеев, Петропавл және Ғ. Мүсірепов атындағы аудандағы Шарық су тораптары.

«Сергеев және Петропавл су тораптары қанағаттанарлық жағдайда және штаттық режимде жұмыс істейді. Тасқыннан кейінгі комиссиялық тексеру су тораптарының қанағаттанарлық жағдайда екенін көрсетті. Олардың қауіпсіз жұмыс істеуі үшін барлық қажетті шаралар атқарылып жатыр. Гидротораптар келесі су тасқынын өткізуге дайын болады. Шарық су торабы қазір апаттық жағдайда тұр. Осыған байланыста 2016 жылдан бастап нысан «транзиттік режимде» жұмыс істеп жатыр. Сондықтан келер қауіп жоқ», - деді филиал директоры.

Маманның айтуынша, 2022 жылдың желтоқсанында мамандандырылған ұйым Сергеев және Петропавл су тораптарына көп факторлы зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде гидротехникалық құрылыстар барлық нормативтік талаптарға сәйкестігі анықталды. 2023 жылғы желтоқсанда қауіпсіздік декларациялары алынды, заңнамаға сәйкес сараптамалар жүргізілді және уәкілетті органда тіркеуден өтті. 

Инженерлік-техникалық нығайту аясында 2023 жылы Сергеев және Петропавл су тораптарында жергілікті хабарлау жүйелері орнатылған. 

«Биыл Петропавл су торабында автожолдың шұңқырлары тегістелді. Күзет бекеті мен операторлардың үй-жайлары жөнделді. Петропавл және Сергеев су тораптарында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Сергеев су торабындағы деформациялық тігістерді қалпына келтіру және Петропавл су торабының қақпаларындағы тығыздау элементтерін ауыстыру сияқты бірқатар жұмыс жоспарланған», - дейді Шұғайып Ибатуллин. 

Бұған дейін тасқыннан зардап шеккен СҚО-дағы мектеп түлектеріне қосымша 136 грант берілгенін жазған едік.