СҚО-да тасқыннан зардап шеккен екі сауықтыру лагерінде маусым әдеттегіден кеш басталады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл жазғы сауықтыру лагерлерінің басым бөлігі 10 маусымнан бастап оқушыларды қабылдай бастайды. Демалыстың бұл түрімен 6 мыңнан астам баланы қамту жоспарланған.
СҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Татьяна Протопопова әкімдік отырысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша ақпарат берді. Биыл барлық оқушының 94,2% немесе 64 мың бала лагерьлерде, мектеп жанындағы алаңдарда, жазғы мектептерде демалады, облыс орталығына, тарихи орындарға саяхаттар ұйымдастырылады.
Өңірде қазіргі уақытта қала сыртында жұмыс істейтін 14 жазғы сауықтыру лагері бар. Биыл олардың 11-і балаларды қабылдамақ.
«Қызылжар ауданындағы екі сауықтыру лагері су тасқыны кезінде зардап шекті. Солардың бірі – «Орленок» лагерінде 63 млн теңгеге жөндеу жүргізіледі. «Серебряный бор» лагерінің бес ғимараты су астында қалды. 1958-1965 жылдары олар қамыс-сабаннан салынған. Қазіргі уақытта келген шығын есептеліп жатыр. Жалпы биыл жазғы лагерьлерді демалыс маусымына дайындауға 500 млн астам теңге жұмсалады», - дейді Татьяна Протопопова.
Мемлекеттік лагерьлерге жолдаманың бағасы 35 мың теңге, ал, сенімгерлік басқаруға берілген үш лагерьде бір маусым 55 мың теңге тұрмақ.
«Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардан 2 396 бала тегін демалады. Бюджеттен 86,5 млн теңге бөлінді. Тағы 1125 бала демеушілердің және кәсіби одақ есебінен лагерьге барады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Жаздық жолдама» жобасы бойынша ауылдық жерлердің 522 баласы Ақмола облысындағы екі лагерьде тегін демалады. Сондай-ақ «Балдәуренге», «Бөбек» және «Чайка» балалардың демалыс орындарына 400-ден астам оқушы барады. Олардың ішінде судан зардап шеккен 1 620 бала да бар», - деді Татьяна Протопопова.
Бұған дейін СҚО-да биыл ауыл шаруашылығының пилоттық санағы қай елді мекендерінде өтетінін айтқан едік.