СҚО-да тасқыннан зардап шеккен мектеп түлектеріне қосымша 136 грант берілді

Фото: Фото: Қозыбаев университеті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл талапкерлерге грантпен жоғары білім алуға мүмкіндік көп. Жергілікті университетке 1150 грант бөлінді, бұдан бөлек тасқыннан зардап шеккен аймақ ретінде де мектеп түлектеріне жеңілдіктер жасалып жатыр. 

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл бөлінген грант былтырғыдан 270-ке жоғары. Аризона университетімен қос дипломдық бағдарлама бойынша тағы 500 грант берілген.

Фото: Қозыбаев университеті

Мұнда өңір жастары ғана емес, Қазақстанның барлық өңірлерінен де келіп білім ала алады. Солардың бірі - Айдана Омарова. Ол Астанадан келіп, барлық тиісті құжаттарды рәсімдеп үлгерді.

Фото: Қозыбаев университеті

«Назарбаев Университетіне түсу үшін жеткілікті балл жинадым, бірақ Аризона университетімен қос диплом бағдарламасы бар Kozybayev University таңдадым. Биотехнология бойынша білім алмақпын, шетелде тәжірибе жинауға мүмкіндік бар», - дейді Айдана Омарова.

136 адам су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға берілген квота бойынша ақысыз оқуға түсті. Грант жеңіп алмаған оқушыларға әлі де мүмкіндік бар. СҚО әкімі 58 грант тағайындайды.

«Биыл ел бойынша «Қазақстан халқына» қоры 850 грант бөлді. Ал «Freedom» банк болса жеке біздің оқу орнына 15 грант берді. Бұл талапкерлерге берілген өте жақсы мүмкіндік. деп ойлаймын. Қазір құжаттар қабылданып жатыр», - дейді университеттің Басқарма төрағасы- ректор Ербол Исақаев.

Қазір жоғары оқу орнында жаңа оқу жылына дайындық жүріп жатыр.

«Корпустар мен жатақханаларды жөндеуден өткіздік, студенттердің жайлы тұруы үшін жиһаз және тұрмыстық техника сатып алынды. СҚО әкімдігінен қолдауымен 1200 орындық жатақхананың құрылысы аяқталмақ. Сондай-ақ 306 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Жатақханалардағы орындар саны қазір 1800. Жаңа жатақханалар қолданысқа енгізілген кезде бұл көрсеткіш шамамен 3 мыңға жетеді. Осылайша студенттерімізді 100% жатақханамен қамтамасыз етеміз», - дейді Ербол Исақаев.

Бұған дейін Петропавлда тасқын кезінде зақымданған мектеп жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілетінін жазған едік