СҚО-да тасқыннан зардап шеккендерге баспана салған 15 компания жанжалдан кейін тиісті ақшаларын алды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс компаниялары өңірдің кәсіпкерлер палатасы заңгерлері және прокурорлардың араласуынан кейін тиесілі 421 млн теңгені алды.
Құрылыс компаниялары былтыр Петропавлда көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлер салды. 2024 жылдың қазан айында үйлердің берілуіне қарамастан, көптеген компания өздеріне тиесілі қаражаттың шамалы ғана бөлігін алды. Мысалы, «Ash stroy» ЖШС шарттың жалпы сомасының 25% ғана алған. Жауапты «Qyzyljar Asar» қоры 15 кәсіпорынға барлығы 421 млн теңге қарыз болған.
Мәселе қаңтар айының соңында СҚО кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте талқыланды.
Кеңестің отырысына қатысқан «Qyzyljar Asar» қорының директоры Қанат Омаров жобаның негізгі демеушісі – «Kaz Minerals Бозшакөл» компаниясынан соңғы траншты алу кейбір компанияларда электрондық шот-фактуралардың жоқтығы қолбайлау болып отырғандығын түсіндірді.
Тапсырыс берушінің өкілі - СҚО әкімдігі құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серікжан Шитқанов 2024 жылдың соңында құрылысшылардан қорға құжаттардың толық пакетін жібергенін растады.
Қор өкіліне кәсіпкерлермен есеп айырысуға бір апта уақыт берілді. 4 ақпанда қарыз толық көлемде өтелді.
- Мәселе өткен жылдың қыркүйегінен бастап шешілген жоқ. Алайда, облыстық прокуратура органдарымен бірлесіп жедел жұмыс істегендеріңіздің арқасында атқарылған жұмысқа ақы төлеу мәселесі оң шешімін тапты. Қалыптасқан берешек толық көлемде өтелді, - деді «Ash stroy» ЖШС директоры Әміржан Шәкей.
Бұған дейін СҚО-да тасқында зардап шеккендерге үй салған компанияларға 400 млн теңге төленбегенін жазған едік.