СҚО-да тәулік бойы мұзды бұзу жұмыстары жүріп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО Уәлиханов ауданында құтқарушылар Сілеті өзенінде тасқын қаупі бар учаскеде мұз құрсауын бұзу жұмыстарын тәулік бойы жүргізіп жатыр, деп хабарлады СҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сілеті өзенінің ерекшелігі - арналар мен дамбалардың болуында. Мұзды бұзу Құлыкөл мен Қаратал ауылдары арасында судың еркін өтуін қамтамасыз етеді. Құтқарушылар тереңдікті өлшеді. Су деңгейі баяу қарқынмен артып келеді. ТЖД баспасөз қызметінде Сілетідегі жағдай бақылауда екенін атап өтті.

Құтқарушылар қауіпті учаскелерді торуылдап, полицейлермен бірге су тасқынынан зардап шегуі мүмкін үйлерді аралады. Құлыкөл мен Қаратал кентінің тұрғындарына эвакуация жарияланған кездегі бірінші кезектегі іс-әрекет түсіндірілді, малдарды жеткізу орындары көрсетілді.

Таяу күндері СҚО-да ауа температурасы көтеріліп, қар ери бастайды. Өңір су тасқыны кезеңіне ерте дайындалды. Тасқынның дер кезі, болжам бойынша, сәуірдің екінші онкүндігіне келеді.