СҚО-да температуралық рекорд тіркелді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында температуралық рекорд тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО – климаты құбылмалы өңір. Биылғы қыс мұны тағы бір дәлелдеп берді. Бірер апта бұрын қыс қаһарына мініп, сары аяз қысқан еді.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, сол жолы Салехардтан келген антициклон бүкіл Қазақстан аумағына әсер етті.

Енді синоптиктердің айтуынша, республикаға Атлантикалық циклон жауын-шашын мен жылылықты әкелді. Ақпанда жауған қардың арты жаңбырға ұласты.

Ал кеше, яғни 2021 жылдың 6 ақпанында Петропавлдағы метеорологиялық станса 3,3 градусты тіркеді. Бұл соңғы 84 жылдың ішіндегі ең жылысы болып отыр.

Мамандардың айтуынша, былтыр да осы 6 ақпан жылы болып, сынап бағанасы 1,8 градусты көрсеткен екен. 2016 жылы да осы күні дәл осындай температура тіркелді.

Дегемен алдағы күндері күн суытады. Мәселен 8 ақпанда ауа температурасы түнде минус 14-19, кей жерлерде 22 градус аяз болмақ, күндіз минус 13-18, кей жерлерде 9 градус суық. Оңтүстік батыстан соғатын жел солтүстік батысқа ауысады, күші 15-20, екпіні 23-28 м/с.

Сондай-ақ 7-8 ақпанға өңірде дауылды ескерту жарияланды.