СҚО-да тоғыз көл он жылға жалға берілмек

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер балық шаруашылығымен айналысу үшін көлді жалға ала алады.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы\Kazinform

Таңдау да бар. Конкурсқа өңірдегі 9 су айдыны шығарылды. 

Конкурсты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы өткізеді. Өтінімдер 28 тамызда сағат 09:55–те қабылдануын тоқтатады.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы\Kazinform

Конкурсқа ұсынылған су айдындарының жалпы аумағы 595 га шамасында. 
Атап айтқанда, Аққайың ауданындағы Үлкен Тоқшын көлінің аумағы — 62,5 га. Есіл ауданында Мусин және Үлкен Қостомар көлдері бар. Олардың аумағы тиісінше 80,4 және 92 га.

Жамбыл ауданындағы Суаткөлдің аумағы — 48 га. Қызылжар ауданынан бірден үш көл ұсынылып отыр. Олар: аумағы 30,3 га болатын Стадное, 74 га алып жатқан Чирок және 114,92 га созылған Худиковое көлдері. Мамлют ауданындағы Краснознамен көлінің аумағы — 42 га. Ал Чивилов көлі 51 га алып жатыр.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы\Kazinform

Барлық 9 көл көл-тауарлық шаруашылық қызметін жүргізу үшін 10 жыл мерзімге беріледі. 
Мамандардың айтуынша, конкурсқа қатысу үшін жеке және заңды тұлғалар алдымен e-qazyna.kz веб-порталында тіркелуі қажет. Үміткерлер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы белгіленген нысанға өтінім береді. Қатысу үшін 100 АЕК мөлшерінде кепілдік жарна төлеу қажет.

Көл-тауарлық шаруашылық — су айдынында балық өсіру, оның өнімділігін арттыру және балық өнімін өндіруге бағытталған кәсіпкерлік қызметтің бір түрі. Конкурс нәтижесінде су айдындары бекітілген кәсіпкерлер оларды белгіленген талаптарға сәйкес пайдалануға тиіс.

Бұған дейін елдегі өзен-көлдерді қорғауға арналған сегіз жоспар дайындалып жатқанын жазған едік.