СҚО-да топиария мүсіндерін жасайтын цех жұмыс істейді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауыл кәсіпкерлері топиария мүсіндерін жасайтын цех ашып, жаңа кәсіпті дамытып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тұрғындары Динара Жүсіпова және Елена Левина адам бойынан асатын алып мүсіндер жасауды қолға алды. Топиария деп аталатын бұл өнер туындысы саябақтарға, бақтарға, көшелерге, демалыс орындарына көрік береді. Балабақшалар мен жеке тұрғын үйлерді безендіруге де қолдануға болады екен. Құрбылар үшін бұл – бастапқыда хобби болса, қазір табыс көзіне айналған.

«Алғашында өзіміз үшін істедік. Кейін достарымызға сыйлай бастадық. Осылайша бара-бара шеберлігімізді жетілдіріп, өз ісімізді ашуға ұйғардық. Қазір жеке кәсіпкерлігіміз бар. Үй жанынан цех ашып, сол жерде еңбек етіп жатырмыз. Бұл істе бізге күйеулеріміз, балаларымыз, туыстарымыз көмектеседі. Жақында екі жұмысшыны алдық», - дейді Елена Левина.

Шеберлер топиарий мүсіндер жасауда пенопласт, жасанды газонды, әйнек пластигі мен бояуларды қолданады. Пенопластан мүсінді шығарса, әйнек пластикпен оған беріктік береді. Ал жасанды шөппен қаптап, безендіреді. Мүсіндер ешқандай қондырғысыз бастан-аяқ қолмен жасалады.

«Ең алғаш аюдың мүсінін жасадық. Кейін динозавр пайда болды. Композицияны өзіміз ойлап табамыз. Біз жасаған аюлар мен динозаврлар қазір Петропавлдағы демалыс орнына көрік беріп тұр. Еліктерді, пілді және аюды қонжығымен астанадағы балабақшалардың бірі сатып алып кетті. Тапсырыс түсіп жатыр. Біздің мүсіндерің ерекшелігі – қандай вандалға болсын төтеп береді. Әйнекпластикті қолданудың нәтижесінде елу жылға дейін тұрады», - дейді Динара Жүсіпова.

Динараның негізгі мамандығы – бухгалтер. Елена болса, заңгер, менеджер. Құрбылар бала кезден өнерге жақын, бір-бірін бүгінде айтқызбастан түсінеді.

«Мен де, Динара да өнерге жақынбыз. Динара түрлі моншақтар мен бисерден әдемі бұйымдар жасайды. Менің әкем кәсіби суретші болған. Кішкентайымнан қолыма мольберт пен қылқалам ұстап өстім. Бисермен түрлі бұйымдар жасаймын. Гипспен, цементпен жұмыс істеймін. Сол себепті өнердің жаңа түрін меңгеру бізге қиындық тудырған жоқ», - дейді Елена.

Құрбылар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Айтуларынша, пенопластың құрылыс материалы ретінде мүмкіндігі жоғары. Енді олар осы материалды қолдана отыра үй салып шықпақ.