СҚО-да төрт ауданда жол жабылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауа райының нашарлауына байланысты төрт ауданда облыстық маңызы бар жолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс аумағында ауа райы тағы да құбылып тұр. Жел күшейіп, боран соғып, жауын жауады, жол нашар көрінеді.

«18:30-дан бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық көлік түрлері үшін облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының Айыртау, Тимирязев, Шалақын және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардағы бөліктерінде қозғалыс шектелді», - делінген «Darmen» мобильді қосымшасы арқылы құтқару қызметі таратқан хабарламада.

ТЖ департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен аптада жауын-шашын мен көктайғаққа байланысты республикалық маңызы бар 7 жол учаскесінде 6 рет жол жабылған. Бірақ бұл келеңсіз жағдайлардың алдын алуға ықпалын тигізбеді.

«Бір апта ішінде облыстың автожолдарынан департамент, жергілікті полиция қызметі, атқарушы органдар, «Қазавтажол» ЖШС қызметкерлерінің көмегімен 95 адам қар құрсауынан құтқарылған, 18 жеңіл автокөлік және 18 жүк көлігі тазартылған жол учаскелеріне шығарылды «, - деп атап өтті дағдарыс жағдайларында басқару басқармасының басшысы Рүстем Жұмағалиев.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы уақытта ауа райы нашарлауы мүмкін.