СҚО-да төрт ауыл әкімі бюджет қаражатын игеруде заңбұзушылықтарға жол берген

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында мал қорымдарын салуға бөлінген бюджет қаражатының игерілуі тексеріліп, нәтижесінде жобалық құжаттама мен нақты орындалған жұмыстар арасында елеулі сәйкессіздіктер анықталды.

Фото: Kazinform

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің мәліметінше, Қызылжар ауданындағы төрт – Соколов, Рощин, Асанов және Қызылжар ауылдық округ әкімдеріне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілді. Оған Қызылжар ауданы прокуратурасының материалдары мен аудан әкімдігі аппаратының хаты негіз болған. Тексеру барысында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүзеге асыруда заң талаптары сақталмағаны белгілі болған. 

Былтыр ауылдық округтердің әкімдік аппараттарының үшеуі «Аубакирова» жеке кәсіпкерлігімен және біреуі «Шолпан» ЖК мал қорымдарын орнату және абаттандыру бойынша мемлекеттік сатып алу шарттарын жасаған. Әрқайсысының құны – 6,8 млн теңге. 

– Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес мал қорымының аумағы дайын күйінде жеткізілетін металл сымдардан жасалған 3D үлгісіндегі қоршаумен қоршалуы тиіс болған. Қоршау 31 секциядан тұруы және қауіпсіздік үшін арнайы бөгетпен жабдықталуы қажет еді. Сонымен қатар нысанға электрлі жүк көтергіш құрылғы орнату көзделген. Смета бойынша қоршаудың құны 2,7 млн теңгеден асса, электрлі лебедканы орнатуға 158 мың теңге бөлінген, - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Сұлтанбек Сакибаев.

Алайда 2026 жылдың сәуір айында прокуратура қызметкерлері жүргізген тексеру барысында салынған мал қорымдарының сметалық құжаттарға сәйкес келмейтінін анықтаған. Жобада көрсетілген арнайы металл қоршаулардың орнына қарапайым профиль қолданылған. Сондай-ақ кейбір жабдықтардың мүлде қойылмағаны анықталған.

– Соған қарамастан ауылдық округ әкімдері орындалған жұмыстар актілеріне қол қойып, мердігерлерге шарт бойынша қаражаттың толық көлемде төленуіне келісім берген. Мемлекеттік қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету - мемлекеттік қызметшілердің негізгі міндеттерінің бірі. Тергеп-тексеру барысында әкімдердің әрекеттерінде құқық бұзушылық белгілері бар деген қорытынды жасалды, - дейді Сұлтанбек Сакибаев.

Әдеп жөніндегі кеңес мәселені қарап, мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін төрт әкімге қатысты «толық емес қызметтік сәйкестік туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Бұған дейін Қызылорда облысында 52 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жазаға тартылғанын жазған едік.