СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «Петропавл қаласындағы көкжөтел бойынша эпидемиологиялық жағдай» тақырыбында брифинг өткізді. Өйткені соңғы төрт айда ауырған 33 адамның 28-і – Петропавл тұрғыны. Көкжөтел ауруы сәуірде асқынып, сырқаттанғандардың 46% осы айда тіркелген.
«Ауырғандардың барлығы – 14 жасқа дейінгі бала. Олардың басым бөлігі көкжөтелге қарсы вакцина алмаған. Мысалы Петропавлда 20 жағдайда ата-аналары вакцинадан бас тартқан, 6 жағдайда медициналық қарсы көрсетілім болған. Бір баланың екпе қоюға жасы жетпеген. Көкжөтелге қатысты тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай болғанына қарамастан Петропавлда 2,3,18 ай және 6 жастағы балаларды АбКДС бар вакциналармен толық қамту (кемінде 95%) мүмкін болмай отыр. Салдарынан аурудың әрі қарай жайылуына, басқа да «ұмтыла» бастаған вакцинамен басқарылатын инфекциялардың тіркелуіне әкелуі мүмкін», - дейді Петропавл қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Жұлдыз Бекмағамбетова.
Маманның айтуынша, вакцинамен көкжөтелдің алдын алуға болады. Елімізде осы инфекцияға қарсы вакцинация балаларға Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 2,3,4,18 ай және 6 жасында медициналық ұйымдарда және білім беру мекемелерінде тегін жүргізіледі.
«Қазіргі уақытта Петропавлда бұрын вакцинацияланбаған 18 жасқа дейінгі балаларға вакцинамен басқарылатын көптеген инфекцияларға, соның ішінде көкжөтелге қарсы иммундау жүргізіліп жатыр. Сондықтан балаларыңызды түрлі дерттен қорғағыңыз келсе, барлық қажетті профилактикалық екпелерді алуларыңыз қажет, ауруды емдегеннен гөрі алдын алу оңай», - дейді Жұлдыз Бекмағамбетова.
Бұған дейін СҚО-да сарбаздардың жоғары оқу орнында тегін оқуға грант алғанын айтқан едік.