СҚО-да төрт күнде шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тартудың 14 дерегі анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп, заң талабын бұзған 10 адам ел аумағынан шығарылды. 

Фото: СҚО ПД

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, заңбұзушылықтардың басым бөлігі жеке құрылыс нысандарында тіркелген. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, полицейлер 17-20 наурыз аралығында Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік азаматтардың болу қағидаларын бұзудың 132 дерегін тіркеді. Сот шешімімен 10 адам ел аумағынан шығарылды.

Фото: СҚО ПД

Сондай-ақ еліміздің 104 азаматы жауапкершілікке тартылды. Көп жағдайда қабылдаушы тарап шетелден келген қонақтардың келуі туралы уәкілетті органдарды белгіленген мерзімде хабардар етпейді.

Полицейлердің айтуынша, «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды мүдделерін қорғауға және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұған дейін Абай облысында лай құрсауында қалған 4 адам құтқарылғанын жазған едік.