СҚО-да тұмаудың төрт түрі тараған

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында эпидмаусым басталғалы 57 мыңнан астам адам ЖРВИ-мен ауырды. 

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30% төмен. Сырқаттанғандардың 38 мыңға жуығы немесе 66% - 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. 

Тек соңғы аптада облыста ЖРВИ-дің 3 мың жағдайы анықталды.

- Облыста тұмаумен ауырғандар саны 85-ке жетті. Оның ішінде А типті тұмауды 79 адам жұқтырды. Соның ішінде H1N1-pdm09 - 72 жағдайы, H1N1 - 4 жағдайы, H3N2 - 3 жағдайы анықталса, В типті тұмаумен 6 адам ауырған. Тұмауды жұқтырғандардың 31-і - 14 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер арасында 4 жағдай тіркелді. Олардың ешқайсы тұмауға қарсы екпе алмаған, - дейді Арман Күшбасов. 

Маманның айтуынша, ЖРВИ мен тұмаудың белгілері ұқсас: жоғары температура, жалпы интоксикация, әлсіздік, тамақ ауруы, мұрын бітелуі.

- ЖРВИ мен тұмаудың алғашқы белгілері байқалған кезде өзін-өзі емдеуге болмайды, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет, дәрігерді үйге шақырған жөн. Ауруды таратпау үшін науқас баланы балабақшаға немесе мектепке жібермеу керек. Ұзақ мерзімді ауру көбінесе асқыну тудырады. Олардың ішіндегі ең көп таралғаны және қауіптісі – өкпенің қабынуы, - дейді санитар дәрігер.

Бұған дейін СҚО-да бір айда жеті бала көкжөтелге шалдыққанын жазған едік.