СҚО-да тұрғындар алқапқа жайылған судан балықты қолмен аулады

Фото: Видеодан алынған кадр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында Кіші Қоскөл көлі тасып, пелядь балығы жағаға шығып қалды.

Алқапқа жайылған судан балықты еш құралсыз қолмен аулап жүрген жұрттың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадан халықтың пелядь балығын шелекпен, қаппен тасып жатқанын көруге болады. Тасжолмен кетіп бара жатқандар да тоқтап, балық аулаудың қызығына батты.

Бірінен бірі естіп, ағылып келіп жатқан адамда есеп болмады.

Бірақ бірер сағаттан соң оқиға орнына құқық қорғау органдарының өкілдері келіп, Кіші Қоскөлге баратын жолды жауып тастады. 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, 27 наурыз күні сағат 14.00 шамасында Айыртау ауданы Антоновка ауылының маңындағы Кіші Қоскөл көлі тасып, пелядь балығы көл аумағынан шығып кеткен. 

Табиғатты пайдаланушы балықтың жайылуын тоқтату үшін бөгеттер орнатты. 

Кіші Қоскөл көлі 859 га аумақты алып жатыр. Ол «Першина» жеке кәсіпкерлігіне балық шаруашылығымен айналысуға берілген. Былтыр кәсіпкер көлге пелядь балығының 500 мың дернәсілін әкеліп жіберген. 

Бұған дейін СҚО-да көктем басталғалы су шайған автожолдардың 21-інде жағдай тұрақтанғанын жазған едік.