СҚО-да тұрғындар биыл саңырауқұлақтан мол өнім алып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында күз - саңырауқұлақ теруге ең қолайлы шақ. Биыл қолайлы ауа райынан орман сыйы – саңырауқұлақ молынан шыққан.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Есіл ауданы Заградовка ауылының тұрғыны Владимир Писаренко бір сағат ішінде үш шелек саңырауқұлақ теріп алды. Енді үйіне апарып, іс қылмақ.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

- Биыл саңырауқұлақ өте көп. Бірақ мен тамыз айының басында жұмыстан босай алмай бірінші толқынын өткізіп алдым. 23 тамыздан бастап екінші толқыны басталды. Қазір нағыз саңырауқұлақ теретін шақ. Күн салқын, тез шіріп кетпей, жақсы сақталған. Қысты күні тұздалған саңырауқұлақты дастарханға қойсаң қандай керемет! Артылғанын сатуға да болады, - дейді Владимир Писаренко.

Ауыл тұрғыны қолы сәл босаса, шелегін алып орманға аттанады.

Оның айтуынша, білетін саңырауқұлақты ғана терген дұрыс немесе тәжірибесі бар адамға ерген жөн.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

- Саңырауқұлақты жастайымнан теремін. Көрші ауылда Маша деген әжей тұрды. Сол кісіден қандай саңырауқұлақ жарамды, оны қай кезде теру керек және қысқа әзірлеу тәсілдерін үйрендім. Бүгін терген ақ саңырауқұлақты тұздауға да, маринадтауға да болады. Тұздалған түрін тек суық жерде ғана сақтау керек, - дейді ауыл тұрғыны.

Ауылдан бірер шақырым жерде орналасқан орманда саңырауқұлақ терген адамның қарасы қалың.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

- Анамның қасында жүріп үйрендім. Қазір көбіне жолдасым екеуіміз барамыз саңырауқұлақ теруге. Бұл біз үшін ең алдымен демалыс. Бұл орманға келетіндер көп. Сенбі-жексенбі көлік толып кетеді. Бірақ мұнда саңырауқұлақ бәріне жетеді, - дейді Заградовка ауылының тұрғыны Татьяна Какунина.

Өңірде саңырауқұлақты қазан айы бойы теруге болады.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы

Бұған дейін СҚО-да саңырауқұлақ теруге шығып, адасқан әйелдің ауылынан 10 км ұзап кеткенін жазған едік.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы