СҚО-да тұрғындар қандай ветеринариялық талаптарды жиі бұзады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында ветеринариялық талаптарды бұзғандарға биыл 276 айыппұл салынған.

Фото: Ғайса Әбсатировтың жеке архивінен

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының мәліметінше, жеті айда инспекция тарапынан жеке және заңды тұлғаларға жалпы сомасы 12 млн 490 мың теңге айыппұл салынды. Соның ішінде 188 айыппұл ел аумағында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауға жататын нысандарды тасымалдау кезінде ветеринариялық қағидаларды сақтамағаны үшін рәсімделген. Олардың жалпы сомасы 9 млн 273 мың теңге болды. Сонымен қатар, 40 ескерту берілген.

Былтыр өңірде ветеринариялық талаптарды бұзудың 382 дерегі анықталып, 14 млн 322 мың теңге айыппұл салған.

- Көбіне малды тасымалдау немесе орнын ауыстыру кезінде ветеринариялық қағидалар сақталмайды. Бұл шаралар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қабылданған.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы бөлімшелеріне жаңадан сатып алынған жануарлар, алынған төл, жануарларды сою және өткізу туралы тиісті хабарлама ұсынбау фактілері де тіркелген.

Бұдан бөлек эпизоотияларға қарсы күрес мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ ветеринария саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді бұзғаны үшін биыл жалпы сомасы 595 мың теңге шамасында 17 айыппұл салынды, - дейді инспекция басшысы Ербатыр Мадьяров.

Инспекция мәліметіне сәйкес, анықталған бұзушылықтардың ешқайсысы эпизоотияның таралуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқпаған.

Мал сою нысандарында заң бұзушылықтар анықталмаған.

Бұған дейін БҚО-да ветеринариялық талаптың бұзылуына байланысты 18,4 тонна өнім кері қайтарылғанын жазған едік.