Облыстық әкімдікте өткен жиында алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды. Биыл алдағы жылыту маусымына дайындыққа барлық қаржыландыру көздерінен 70 млрд теңге қарастырылған.
СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әлішер Беспаевтың айтуынша, қазір өңірдегі қазандықтардың 98%, білім беру нысандарының 99% және денсаулық сақтау объектілерінің 98% дайын. Ал көпқабатты үйлердің тек 90% ғана дайын.
Облыста жылыту маусымына барлық дайындық жұмыстары 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.
— Жергілікті атқарушы органдарға көмір тапшылығына байланысты дүрбелеңге жол бермеу және тұрғындарға отынды алдын ала сатып алудың маңызын түсіндіру тапсырылды.
Қазір өңірде жоспарланған 624 мың тонна көмірдің 342 мың тоннасы, яғни 55% жиналған. Бюджеттік ұйымдарға қажетті 154 мың тоннаның 140 мың тоннасы, яғни 91% жеткізілді. Халық 187 мың тонна көмірді, 48% ғана сатып алған, — дейді Әлішер Беспаев.
Биыл облыста қазандықтар мен жылу желілерін жөндеуге 804 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржыға сегіз қазандық жөнделіп, алты жаңа қазандық сатып алынады. Сонымен қатар 1,5 шақырым жылу желісі жөнделіп, екі ауданда жаңа қазандықты іске қосу жоспарланған.
— Кейбір аудандарда жұмыс қарқыны төмен. Мәселен, Мамлют ауданында қазандықты ауыстыруға 27,4 млн теңге бөлінгенімен, жаңа қазандық тек 15 қыркүйектен кейін жеткізілмек. М. Жұмабаев ауданындағы Булаев қаласының блокты-модульдік қазандығын жөндеуге небәрі бірнеше күн бұрын ғана кіріскен. Ал Шал ақын ауданындағы Сергеевкада жаңа жабдықты орнату жұмыстары да жоспар бойынша кеш басталмақ, — дейді басқарма басшысы.
Бұған дейін жылу беру маусымына дайындық басталғалы Қазақстан бойынша 19 млн тонна көмір тасымалданғанын жазған едік.