СҚО-да тұрғын үй кезегіндегі 1,4 мыңға жуық жетім бала тізімнен заңсыз шығып қалған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жарты жылдықты қорытындылады. Жұмыс нәтижесінде өңір тұрғындары арасында өзекті бірқатар әлеуметтік мәселе шешімін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Сергей Перов жарты жылдықта атқарылған жұмыс жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында есеп берді. Департаменттің міндеті – облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту.

«Департаменттің кешенді шараларынан кейін өңірде бұған дейін бақылауы қиын, салдарынан сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары – жолдарға қиыршық тас төсеу әдісі қолданылмайтын болды. Биыл Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі асфальт төсеуге басымдық берді. Нәтижесінде облыс орталығының 30 көшесінің жолын жөндеуге бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді. Департаменттің бастамасымен мониторинг тобы құрылды, қоғам өкілдері жұмыстың сапалы атқарылуын бақылауға алған», - дейді Сергей Перов.

Атқарылған жұмыстардың бірі – тұрғын үйді беруде азаматтардың құқығын қорғауға қатысты.

«Біздің ұсынымдарымыз ескеріле отыра мемлекеттік қордан тұрғын үй заңды түрде бөліне бастады. Қазірдің өзінде 5 пәтер заңды иелеріне берілді.

Мемлекеттік тұрғын үй қорын түгендеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Мәселен, Айыртау ауданы әкімдігіне заңсыз берілген 5 пәтерді алып қою бойынша сот процесі басталды. Мұндай жұмыс облыстың барлық аудандарында жүргізіледі.

Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың және жетім балалардың кезегін қалпына келтіріп, оларға пәтер беру процесі басталды. Мәселен тұрғын үй алуға кезекте тұрып, кейін тізімнен шығып қалған 1 367 жетім баланың құқығы қорғалды», - дейді Сергей Перов.