СҚО-да түрмедегі күйеуімен кездесуге келген әйелден тыйым салынған зат табылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы түзету мекемелерінің біріне SIM-карта кіргізбек болған әйелдің ісі сотқа жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға ЕС-164/3 мекемесінде болған. Күйеуімен ұзақ уақытқа кездесуге келген әйелді тексеру барысында одан тыйым салынған зат табылды. Аctiv ұялы байланысының SIM-картасын сөмкесінің ішкі қалтасына тығып, ішке кіргізбек болыпты.

«Карантиндік шектеулерге байланысты қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде көпке дейін сотталғандарға туыстарымен кездесуге рұқсат берілмеді. Қазір бұл жұмыстар қайта жанданды. Алайда кей сотталғандардың туыстары бұл кездесулерді тыйым салынған заттарды түрмеге кіргізу үшін қолданбақ болып жатыр. Сөмкеден табылған SIM-карта тәркіленді, аталған дерек бойынша материал жиналып, әйелді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін іс сотқа жіберілді», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.

Әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдар сотталған туыстарымен бір жылға дейін кездесе алмайды.