СҚО-да тұтынушылар көбіне қай салаға шағымданады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Тұтынушының құқығын бұзған жағдайда бұрын сатушыға ескерту берілсе, енді заң бұзушылықтар үшін айыппұл қарастырылған.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Абаевтың айтуынша, сапасыз тауарлар мен қызметтер, жауапсыз сатушылар мен алаяқтық әрекеттер — кез келген тұтынушының басынан өтуі мүмкін жағдайлар. Мұндай заң бұзушылықтар үшін биыл жауапкершілік күшейтілді.
Мәселен, сатушы немесе қызмет көрсетуші тарапынан тұтынушыға мемлекеттік және орыс тілінде ақпарат берілмесе, тауарды заңмен белгіленген мерзімде қайтару немесе айырбастау шарты бұзылса, жазбаша шағымға жауап берілмесе — бұл әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жеке тұлғалар үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл, шағын бизнес үшін — 10, орта бизнес үшін — 15, ал ірі бизнес үшін 25 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер заң бұзушылық қайталанса, бұл сома екі есеге өседі.
— Енді департамент азаматтардың арыздарын өздері қарауға құқылы. Олардың құзыретіне өлшеу, тарту кезінде тұтынушыны алдау, тауардың сапасы туралы жалған ақпарат беру немесе басқа да жаңылыстыру әрекеттері кіреді. Мысалы тұтынушы тұрмыстық техника сатып алып, ол келесі күні бұзылып қалды. Бұл жағдайда сатушы тауарды кері алудан бас тартса, азамат департаментке шағымдана алады. Мұндай жағдайда сатушыға айыппұл салынып, тұтынушының құқығы қалпына келтіріледі, — дейді Ғалымжан Абаев.
Маманның айтуынша, биыл 8 айда департаментке 345 өтініш түскен. Оның ішінде 44% қанағаттандырылып, 24% басқа органдардың құзыретіне берілген. 8% арыз иесі мәселе шешілген соң арызын қайтарып алған. Нәтижесінде 18 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Ең көп шағым түсетін салалар — бөлшек сауда 42%, электрондық сауда — 26%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық — 4%, тұрмыстық қызметтер — 3%.
— Азаматтарға тұтынушы ретінде құқықтарын қорғау үшін бірнеше кеңес ұсынар едім: барлық чекті, кепілдік талондарын және келісімшарттарды сақтауды әдетке айналдыру. Егер мәселе туындаса, сатушыға жазбаша шағым жіберу; ал егер жауап болмаса, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіну қажет, — дейді Ғалымжан Абаев.
Бұған дейін СҚО-да биыл 122 сотталғанның жазасы қатаңдатылғанын жазған едік.