СҚО-да тыныштықты бұзған 500-ден астам адам жауапқа тартылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мезгілсіз уақытта тыныштықты бұзған 500-ден астам адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғындар тыныштықты бұзатын көршілеріне қатысты полицияға жиі арызданады. Петропавлдағы Ульянов көшесінің тұрғындары да сағат 23.00-ден кейін «102» пультіне хабарласып, пәтерлердің бірінде музыканың қатты қосылғандығын айтып, шағымданған. Шақырту бойынша барған учаскелік полиция инспекторы пәтерде музыканы қосып, алкоголь ішіп демалмақшы болған бас қосқандарды анықтады. Пәтер иесіне «Тыныштықты бұзу» бабы бойынша хаттама толтырылды.

«Учаскелік инспекторлар халықтың арыздарына жедел әрекет етуге басымдық береді. Тиімділікті арттыру үшін соңғы екі жылдан бері петропавлдық патрульді полиция батальонының қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары бірлескен түнгі кезекшіліктерге шығып жүр. Күндіз патруль экипажы екі-үш шақыртуға барып үлгереді, түнде шақыртулардың саны артады. Басым бөлігі учаскелік полиция инспекторларының желісі бойынша, яғни тыныштықты бұзу, отбасыдағы зорлық-зомбылық, мас адамдардың жанжалы», - дейді Петропавл полиция басқармасының бөлім бастығы Рустам Садулов.

Әр түн сайын Петропавл көшелеріне 12 патрульдік экипаж кезекшілікке шығады. Орталықта, бірінші және екінші полиция бөлімдерінің аумағында жүретін үш экипаждың құрамында учаскелік инспекторлар болады. Ал жұма және сенбі күндері патрульдік полицейлермен бірге түнгі кезекшілікке алты учаскелік полиция инспекторы аттанады.

Жыл басынан тәртіп сақшылары СҚО аумағында түнгі уақытта тыныштықты бұзған 567 шақыртуға барып, шара қолданды.