СҚО-да үш адамды өлтірді деп айыпталған күдіктіні алқабилер ақтап алды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен үш адамды өлтірді және тонады деп айыпталған К.-ға қатысты сот үкімі шықты.
СҚО сотының мәліметінше, К.-ге мынандай айып тағылған:
2021 жылғы 5 қарашада Петропавлда пәтерлердің бірінде туған күнде болып, М. дегеннің курткасының қалтасынан 20 мың теңге ақшасы бар әмиянды ұрлап кеткен.
2023 жылдың 5 қыркүйегінде К. анасының үйінде өзімен азаматтық некеде бірге тұратын К. А.-мен жанжалдасып, оны өлтіруге ниеттенеді.
Айыптау қорытындысы бойынша, К. әйелінің кішкентай қызын көтеріп, өз бойымен бірдей биіктіктен кіреберістің еденіне алып ұрған. Алған жарақаттарынан бала сол жерде қайтыс болды. Әрі қарай айыпталушы әйелдің қылмыстық жауапкершілікке тартамын деген қоқан-лоқысынан қорқып, оны өлтіру үшін аузы-мұрнын жауып, тұншықтырған. Есінен танып қалған К. А.-ны өлді деп ойлап, қолын босатқан.
Бұдан кейін ол оқиғаға куәгер кәмелет жасына толмаған інісі С.-ны да тұншықтырып өлтірген.
К. үш адамның өлімін жазатайым оқиға ретінде көрсетіп, өз қылмысын жасыру мақсатында, А. ес-түссіз күйде жатқан кіреберіс бөлмеге от қойған. Салдарынан әйел иіс тиіп, уланып, көз жұмды.
К. өрттің өздігінен шыққанын көрсету үшін үйдің терезесін сындырып, сыртқа шығып, көмекке шақыра бастаған.
Прокурор қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша К.-ға өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Қорғаушы тарап К.-ны ақтауды сұрады.
Алқабилер алқасының үкімімен К. кінәсіз деп танылып, қылмыс оқиғасы болмады деп ақталды.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 1-бөлігі - тонау, ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1, 3, 5-тармақтарының 2-бөлігі - екі не одан да көп адамды өлтіру, кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, айрықша қатыгездікпен өлтіру және ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлімі - жас баланы өлтіру бойынша айыпталған К. кінәсі дәлелденген жоқ. Оның үстінен қозғалған барлық айып алынып, сот залынан босатылсын», - деді СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотттың судьясы Дастан Ысмайлов.
Сондай-ақ К. заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны үшін келтірілген зиянды өндіріп алуға құқылы деп танылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін СҚО-да алқабилер кәсіпкерден 50 млн теңге бопсалады деп айыпталған блогерлерді ақтаған еді.