СҚО-да үш ауылдан қой ұрлаған ұрылар ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - СҚО-да бірнеше рет жасалған мал ұрлығына күдікті ретінде ауылдың төрт тұрғыны қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Уәлихан ауданының полиция бөліміне қой ұрлығына қатысты Мортық, Тілеусай және аудан орталығы Кішкенекөлден бірнеше арыз келіп түсті. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізгеннен кейін мал ұрлығына қатысты Кішкенекөл ауылының 1997-1998 жылғы төрт тұрғыны ұсталды», - делінген департаменттің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Уәлихан аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Әлжановтың сөзіне құлақ ассақ, жас жігіттер қойды ұрлағаннан кейін сатып, пайда тауып отырған. Тергеу амалдары барысында ұрланған қойдың бәрі де иелеріне қайтарылды. Күдіктілерге қатысты ешқайда шықпау туралы шара қабылданды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Департаменттен хабарланғандай, күдіктілердің үйлерінің бірінен өткір иісі бар зат табылған. Сараптама жұмыстары көрсеткендей, ол заттың 250 грамдық марихуана екені анықталған. Аталған факті де ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 3-бөлігі бойынша тіркеліп отыр.