СҚО-да үш күнде қар құрсауында қалған 200 адам құтқарылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар үш күннің ішінде қар құрсауында қалған 71 техниканы шығарып, 200 адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20-23 наурыз күндері өңірде ауа райы бұзылып, боран соқты. Бұл жайында ұялы байланыстың 628 мыңнан астам абонентіне ескерту SMS хабарламасы жіберілді. Боран әсіресе облыстың Ақжар, Айыртау, Тимирязев және Тайынша аудандарында күшейіп, республикалық және жергілікті жолдарда 12 қар кептелісі туындады. Салдарынан 71 техника жолда қалды. Құтқарылған 200 адамның 13-і - бала.

«Барлық жағдайда бірден іс-шара қолданылып, азаматтық қорғаныс органдарының, жол қызметі, жергілікті атқарушы органдар, полиция мен СҚО төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің бірлескен іс-әрекеті нәтижесінде жолаушылары бар автокөліктер қар құрсауынан шығарылды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Құтқару жұмыстарына жеке құрамның 27-і маманы және 22 инженерлік техника жұмылдырылды», - деді ведомство өкілдері.

Күрделі жағдай Айыртау ауданында болды. Үш күн ішінде жолда қалып, құтқарылған 200 адамның 149-ы осы ауданның тұрғындары.