Солтүстікқазақстандық ұстаздар үш күн бойы Бурабайдағы курорт-мейманханалардың бірінде дем алды.
Айыртау, Есіл және Мамлют ауданының 47 мұғалімі аквапаркте болып, түрік, орыс моншасына түсті.
Денсаулыққа пайдалы шунгит, тұз шахталарына кіріп, түрлі спа-процедурадан өтті.
«Мұғалімдерге мұндай демалыстың берері көп. Бір сәт күнделікті күйбең тірліктен арылып, уақыттарын өздеріне бөледі. Күш-қуат жинап, жұмысқа жаңа ынтамен кіріседі. Бұл жолы да ұстаздарымыз санаторлық ем алды, оның ішінде массаж, ингаляция, озекерито-парафинді процедуралар, стоунг, жарық терапиясы және басқа көптеген түрлері бар. Үш күнге ғана шақталғандықтан бағдарлама барынша қызықты ұйымдастырылған. Түрлі экскурсиялар, танымал адамдармен кездесу, би және киносеанстары өтті», - дейді «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымы» ҚБ өкілі Айгүл Сақыпкереева.
СҚО кәсіподақ ұйымы «Денсаулық» мәдени-сауықтыру бағдарламасын 2019 жылы бастады.
Ұстаздар негізінен сабақтан бос уақытта, яғни сенбі-жексенбі күндері шипажайлардың бірінде демалады.
Бағдарламаға өңірдің әр ауданының мұғалімдері кезекпен қатыспақ. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, олардың жасы, еңбек өтілі есепке алынбайды.
Былтыр 146 адам Петропавлдағы «Трансиб» шипажайында, 142-сі «Discovery Borovoe» курорт-мейманханасында дем алды.
Ал биыл кәсіподақ ұйымы 600 адамды демалыспен қамтуды жоспарлап отыр.