СҚО-да үй құстары белгісіз аурудан қырылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бугровое елді мекенінде тұрғындардың қорадағы тауық-қазы белгісіз аурудан қырыла бастады.

Фото: Видеодан скрин

Осы ауылдың тұрғыны Светлана Ткаченконың айтуынша, күнде қорадан 15-20 құстың өлігін табады. Ал алдыңғы күні отбасыға қырылған 56 құсты лақтыруға тура келген.

— Қораға кіруге жүрексінетін болдым, тағы қаншасы өлі табылады деп. Ия, міне, айтқандай-ақ, бірнешеуі өліп, шашылып жатыр. Мыналар да ауырып тұр, бұлар да ұзаққа бармайды. Өткен аптаның жексенбісінде өле бастаған. Дүйсенбі ветеринарларды шақырдық. Олар тексеріске алды, бірақ нәтижесі тек бір аптадан кейін ғана белгілі болады деді. Құстардың неден қырылып жатқанын білмейміз, — дейді ауыл тұрғыны.

Бұған дейін СҚО-да бұралқы иттер тұрғындардың құс-малына ауыз салып, маза бермей жатқандығын жазған едік.