СҚО-да үй өртеніп, екі адам мерт болды

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Семиполка ауылында бір үйдің екі адамы өрттен қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform .

Фото: ТЖД баспасөз қызметі

СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуынша, бүгін таңғы 4.50 кезінде Шал ақын аудандық өрт сөндіру қызметіне Семиполка елді мекенінде өрт шыққаны туралы хабар түскен. 

Ауылға ең жақын өрт сөндіру бөлімшесі 40 км қашықтықта орналасқан.

«Өрт сөндірушілер келгенде үй толық отқа оранып үлгерген екен. Есік іштен жабық болған. Тек таңғы 9.30 шамасында ғана өрт толық сөндірілді. Оқиға орнынан бір адамның денесі табылды. Көршілердің айтуынша, үйде ер және әйел адам тұрған. Сондықтан қазір екіншісінің денесі ізделіп жатыр», - дейді Дмитрий Растихин.

Жалпы жыл басынан СҚО-да 30 адам өрттен мерт болды. Былтыр осы аралықта 36 адам тілсіз жаудан жантәсілім еткен.

Тұрғын үйлерде болатын өрт саны азайғанымен, адамдардың иіс тиіп қайтыс болу фактілері жиілеп кеткен.

Дмитрий Растихиннің айтуынша, тек биылдың өзінде 11 дам осылай мерт болған. 

Олар пеш жанып болмай жатып, мұржасын ерте жауып тастаған.

Тағы 27 адам уланды, оларға дер кезінде көмек көрсетілді.