СҚО-да үй ұрыларының тобы ұсталды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО полицейлері 8 пәтерді тонаған топты ұстады. Петропавл қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерінің назарына бірнеше ай бұрын топтасқан баукеспелер іліккен», - деді облыстық ІІД.

Мамыр айында полицейлер сезіктілердің ізіне түсіп, бақылаған. Нәтижесінде 2 күдікті тұрғылықты мекенжайы бойынша Петропавлда ұсталды. ІІМ көмегімен олардың тағы бір сыбайласы Астанада қолға түсті.

Олардан айғақ заттар: азаматтардың пәтерлерінен ұрланған зергерлік және тері бұйымдары, тұрмыстық техника тәркіленді. Сонымен қатар ұсталғандардың бірінің есірткіге қатысты қылмыстық іске қатысы бар екені анықталды. Оны Астанада ұстағанда шамамен 50 грамм героин тәркіленді. Ер адамда қаражат, кез келген құлыпты аша алатын жабдық болған.

«Аталған тұлғалар қазіргі уақытта тергеу оқшаулағышында, олардың 8 пәтерді тонағаны дәлелденді. Сонымен қатар қарақшылардың Астана мен Қостанай қалаларында да пәтер ұрлығымен айналысқандығы жөнінде ақпарат бар. Күдіктілер 25 - 30 жас аралығында, біреуі есірткі пайдаланады. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Өзге тонау фактілеріне қатыстығы тексерілуде», - деді Петропавл қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжанов.