СҚО-да ұялы байланысты жақсарту үшін автожолдар бойында 14 антенна мұнара қою жоспарланған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында былтыр ұялы байланысты жақсарту мақсатында 300-ге жуық жаңа 4G базалық станция орнатылды.
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлім етті.
— Бүгінде СҚО-да 5 қала 635 елді-мекен бар, оның ішінде 318 ауыл — 4G, 107 елді-мекен — 3G, 215 елді-мекен — ТОБЖ/ADSL технологиялары арқылы интернетке қосылған.
Былтыр облыс бойынша 293 жаңа 4G базалық станция орнатылған. Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін тағы 295 ауылға талшықты-оптикалық желі тарту жоспарланып отыр, — делінген ресми жауапта.
Ведомствоның мәліметінше, ұлттық жоба аясында Петропавлда 24 5G базалық станция орнатылды.
Географиялық және экономикалық ерекшеліктерді ескере отырып, 2023 жылы спутник байланыс арқылы республика бойынша 176 ауылдық елді мекенде байланыс жақсарды, оның 17-сі СҚО-да орналасқан. Жыл соңына дейін 328 ауылды қосу жоспарланған, оның ішінде 46-сы «OneWeb» компаниясының спутник технологиясы арқылы СҚО-да қосылады.
— Солтүстік Қазақстан облысындағы автожолдар бойында ұялы байланысты жақсарту үшін 14 антенна мұнара орнату жоспарланған. Бұл бастамалар ауылдағы халыққа байланыс пен цифрлық қызметтерді қолжетімді етуге бағытталған, — дейді министрлік өкілдері.
Бұған дейін Премьер-министр туристік локацияларда сапалы ұялы байланыс пен интернет болу қажеттігін айтқан еді.