СҚО-да үздік әлеуметтік қызметкерлерге құрмет көрсетілді
Облыс басшысы ең ізгі мамандық иелерінің бірін құттықтай отырып, әлеуметтік қорғау қызметкерлері еңбегінің маңызын атап көрсетті.
«Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі жұмыс жауапты және маңызды. Сіздер қиындықтарды еңсеруге көмектесесіздер, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсете отырып, олардың болашаққа деген сенімін бекіте түсесіздер. Осынау мерекелі күні сіздерді ауыр да жауапты қызметтеріңізге және таңдаған іске адалдықтарыңызға шынайы алғысымды қабыл алыңыздар. Сіздерге және сіздердің отбасыларыңызға мықты денсаулық, бақыт, игілік, тыныштық пен ізгілік тілеймін», - деді Ерік Сұлтанов.
Халықты әлеуметтік қамту жүйесін дамытуға қосқан сүбелі үлесі, көп жылғы адал еңбектері үшін 8 адам Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің құрмет грамотасына, тағы 7 адам алғысхаттарға ие болды. Солтүстікқазақстандық 7 әлеуметтік сала қызметкерлері Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыруға қосқан жеке үлесі және адал еңбегі үшін Петропавл балалар психоневрологиялық интернат-үйінің палата санитары Татьяна Сафронова денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығымен «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Салтанатты шара облыс шығармашыл ұжымдары әзірлеген концерт бағдарламасына жалғасты.
Бүгінде СҚО-да 111 мыңнан астам азамат мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған, олардың арасында біржарым мың адам стационар жағдайында, 500 адам - жартылай стационарда, 3,5 мыңнан астам - үйден және әлеуметтік көмек, бес мыңнан астам адам оңалту қызметтерін алады.
Өңірдің әлеуметтік сала жүйесінде 2 мыңнан астам адам еңбек етеді.