СҚО-да вакцина алуы тиіс тұрғындардың шамамен 80 пайызы егілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі аптада коронавируспен ауыру 2,8 есе кеміді. Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО-да коронавирус инфекциясының таралуы және вакцинация барысы бойынша брифинг өтті. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, облыста 44 338 адам КВИ жұқтырды. Соңғы екі аптада аурушаңдық 796-дан 281 жағдайға дейін азайып, 2,8 есе кеміді.

«Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері бірқатар қаулылар қабылдады. Енді «сары» және «жасыл» аймақтарда әлеуметтік қашықтықты сақтамауға болады, міндетті термометрия және Ashyq қосымшасын міндетті түрде қолдану жойылды. Ashyq жабылған жоқ, өйткені өңір «қызыл» аймаққа өткен жағдайда қосымшаны пайдалану міндеттеледі. Таза ауада маска тақпауға болады. COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған қызметкерлерге шектеусіз жұмысқа араласуға болады. Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндерге ПТР-тест тапсыру міндеттелмейді. Ал КВИ-мен ауырғандардың мәртебесі жарты жылға дейін «жасыл» болып сақталады», - дейді Арман Күшбасов.

СҚО-да осы күнге дейін 304 295 адам бірінші компонентпен егілсе, 292 666 тұрғын вакцинация курсынан өтті. Қамту 78,9 %-ды құрады. Ал 100 886 адам ревакцинацияланды. Бұл жоспардың 51,3 %-ы.