СҚО-да ювеналдық полиция 10 күннің ішінде 29 заң бұзушылықты анықтады

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - «Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық кампаниясы шеңберінде солтүстікқазақстандық полицейлер рейдтер жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлттық ақпараттық кампания маусымның бірі - балалардың жазғы каникуліне орай бастау алды. Өйткені демалысқа шыққан жоғары сынып оқушылары осы аралықта жалданып еңбек етіп, ақша тапқылары келеді. Талпыныстары дұрыс-ақ, алайда барлығы заңға сай жүзеге асуы керек.

Ювеналдық полиция қызметкерлері, құзырлы мекемелер және қоғамдық ұйым өкілдері рейд барысында балалар жұмысқа орналасуы мүмкін сауда орындарын, базарларды, көңіл көтеру орындары мен сапаржайларды тексерді.

«Облыста «Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» акциясы аясында 541 рейд ұйымдастырылып, 654 нысан тексерілді. Акцияның мақсаты - балалар еңбегін қанауға жол бермеу. Сол себепті кәсіпкерлермен кездесіп, кәмелет жасына толмағандарға қатысты еңбек заңнамасын түсіндіреміз. Мәселен, 18 жасқа толмағандар түнде еңбек ете алмайды, олардың еңбек күні 4 сағаттан аспауы керек. Жасөспірімдерге ауыр және адами дамуына нұқсан келетін жұмысты істетуге болмайды», - дейді Жергілікті полиция қызметінің басшысы Айдын Байматов.

Полицейлердің айтуынша, түнгі рейдтер барысында 29 заңбұзушылық анықталды. Олардың ішінде кәмелет жасына толмағандарға дұрыс тәрбие бермеу, жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруі және олардың спирттік ішімдіктерді ішуі секілді жағдайлар бар.

«16 жастағы жасөспірім қыздың анасы полицияға арызданды. Кешкі 23.00-ге дейін сұранып кеткен бойжеткен белгіленген уақытта үйге келмеген. Қыздың араласатын адамдарын сұрастырып, оның ата-анасын ескертпей құрбыларымен саяжайға қыдырып кетіп қалғанын анықтадық. Түнгі екілер шамасында жасөспірімді байыз таппаған анасына әкеліп тапсырдық», - дейді ювеналдық полицейлер.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл жұмыстар жаз бойы жалғасын таппақ.

Соңғы жаңалықтар