СҚО-да заңнама талаптарын сақтамай берілген жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы Жер ресурстарын басқару департаментінің жоспардан тыс тексеруі барысында Шал ақын ауданында жалпы аумағы 105 гектар жер телімі заңсыз берілгені анықталды.

Фото: АШМ

Аталған жер учаскесі елді мекен шегінде орналасқан. Бау-бақша шаруашылығын жүргізу үшін берілгенімен, іс жүзінде қоғамдық жайылым жер есебінен бөлінгені белгілі болды.

Қолданыстағы жер заңнамасына сәйкес, жайылымдар, оның ішінде ортақ пайдаланудағы жайылымдар, жеке меншікке немесе жер пайдалануға берілмейді. Мұндай жерлер тек халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға арналған.

Анықталған заң бұзушылықты жою мақсатында департамент Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскесін жалдау шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолдады.

Нәтижесінде сот талап қоюды толық көлемде қанағаттандырды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, сот актісі заңды күшіне еніп, жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды.

Айта кетейік, Ақтөбеде биыл 94 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Солтүстік Қазақстан облысында су қорына қарайтын жер ұзақ уақыт бос жатып, Жер кодексінің талаптары өрескел бұзылған.