СҚО-да заңсыз 79 полигонның жойылғандығы туралы жалған есеп берілген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті атқарушы органдар рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын жою туралы жалған деректер берген.
СҚО-ның прокуратура қызметкерлері жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар тарапынан қалдықтарға қатысты экологиялық заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізді.
Нәтижесінде бірқатар заң бұзушылық, оның ішінде, 79 рұқсат етілмеген қоқыс полигонының жойылғаны туралы жалған ақпарат ұсынылғаны анықталды.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Тайынша аудандарында және М.Жұмабаев ауданының аумағында қалдықтардың арнайы белгіленбеген жерлерге жинақталғандығы, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар аумағынан шығарып төгу фактілері тіркелді.
Сонымен қатар тексеріс Мамлют және Қызылжар аудандарында, сондай-ақ Петропавлдағы қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келмейтінін көрсетті.
Экологиялық кодекстің 365-бабының талаптарына қарамастан, Экология департаменті нақты және жүйелі сипатқа ие құқық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдамаған, бұл өз кезегінде өңірдегі экологиялық жағдайдың бұрмалануына әкеледі.
Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде облыс әкімдігі 2025–2026 жылдарға арналған, жүйелі құқық бұзушылықтарды жоюға және өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжатта қатты тұрмыстық қалдықтар орналастырылған орындарды кезең-кезеңімен заңдастыру, орындалу мерзімдері, қаржыландыру көлемі, жауапты орындаушылар және бақылау тетіктері нақты көрсетілген.
Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою туралы жалған есептерді ұсынғаны, экологиялық бақылаудың тиісінше жүргізілмегені және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстардың үйлестірімелгені үшін 13 лауазымды тұлға жазаланды. Олардың қатарында СҚО экология департаментінің және СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылары және Аққайың, Қызылжар, Мамлют аудандары әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
СҚО табиғат қорғау прокурорының қаулысымен 12 ауылдық округтің әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 1,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, барлық айыппұлдар толық көлемде өндірілді.
Бұған дейін СҚО-дағы Бәйтерек және Бескөл тұрғындарының мазасын қашырған қоқыс полигоны жабылғанын жазған едік.