СҚО-да заңсыз жүрген 120 шетелдік рейд кезінде ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көші-қон заңнамасын бұзудың 172 дерегі анықталды.

Фото: СҚО ПД

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 қазаннан басталған рейдтерге күн сайын шамамен 700 адам қатысып жатыр. Полицейлер, пробация қызметкерлері, әскери қызметшілер мен қоғам белсенділері тұрғын үйлерді, саяжайларды, фермерлік шаруашылықтар мен қараусыз қалған ғимараттарды тексеріп жатыр.

Іс-шара барысында 2 мыңнан астам нысан тексеріліп, мамандар есепте тұрған 1,9 мыңға жуық адамның үйіне барды. Нәтижесінде 13 құқық бұзу анықталып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған төрт адамның жазасын қайта қарау тіралы төрт өтінішхат сотқа жолданды.

Сондай-ақ заңсыз жалға берілген 23 пәтер туралы мәлімет мемлекеттік кірістер органдарына жіберілді. Рейд барысында тіркелмеген үш қару тәркіленді. Ұсталған 69 үйсіз адамның төртеуі Петропавл қаласының қабылдап-тарату орнына жіберілді. Ел аумағында заңсыз жүрген 120 шетелдік анықталды. 

Полицейлер кәмелетке толмаған 12 жасөспірімді ұстап, олардың жетеуі бейімдеу орталығына орналастырылды. Бұдан бөлек, есірткі жарнамасы бар тоғыз жазу анықталған. 

Профилактикалық іс-шара 5 қарашаға дейін жалғасады. Оның мақсаты - тұрғын үй секторындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзудың алдын алу және көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау.

Бұған дейін Алматыда 30 қыркүйек таңғы сағат 4:34-те ер адамның басына пакет кигізіп, ес-түссіз күйде көтеріп әкеткен видеосы тарағанын жазған едік.