ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан полицейлері Шал ақын ауданында заңсыз балық аулаған екі браконьерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, екеуі де Петропавлдың тұрғыны. Олар балық уылдырық шашатын кезде қайықпен Сергеев су қоймасына 6 тор салып, заңды бұзған. Ұсталғандардың біріне тиесілі автомобильде тағы 15 ау құралы болған. Браконьерлер аулаған шортан, мөңке балықтарының жалпы салмағы 173 килограмды құрады. Олар мұнымен мемлекетке 400 мың теңгеден астам залал келтірді.
«Осы факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен уылдырық шашатын жерлерде балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу» бабымен (ҚР ҚК 335-бабы) тіркелді. Соған сәйкес күдіктілерге 2 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы немесе екі жыл мерзімге бас бостындығынан айыру жазасы белгіленуі мүмкін», - деп мәлімдеді баспасөз қызметіндегілер.
Полицейлердің айтуынша, әуесқой балықшылар тарапынан қылмыстық құқықбұзушылық фактісі биыл бірінші рет тіркеліп отыр. Есіл өзені және оның тармақтарында балық аулауға салынған тыйым 20 мамырға дейін жалғасады.
Жалпы, облыста жыл басынан бері 300 табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактісі тіркелді. Экологиялық қылмыс деректері бойынша 37 қылмыстық іс қозғалды. Аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 166 адам, балық аулау ережелерін бұзғаны үшін тағы 97 адам әкімшілік жауапқа тартылған.