СҚО-да зейнетақы жинағын алғандардың 85 пайызы оны баспанаға жұмсаған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асқан соманы 12 095 адам пайдаланса, биыл шамамен 3,5 айдың ішінде 14 867 адам қолдана алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да тұрғындар 1 сәуірдегі зейнетақы қорындағы жеткіліктілік шегі өзгергенге дейін қолжетімді соманы алып қалуға тырысты. Жыл басынан тұрғын үй жағдайын жақсартуға ғана 16 892 өтініш түскен.

«Өңір тұрғындары тұрғын үй жағдайын жақсартуға ғана жалпы сомасы 30,5 млрд теңгені пайдалану үшін өтініш білдірді. Бұл барлық өтініштердің - 92 %-ы. Алайда тек 9,75 млрд теңгенің 12 446 өтініші ғана орындалды. Жалпы СҚО салымшыларының арнайы шоттарына 11,4 млрд теңге түсті. Орындалған өтініштер саны – 14 867, соның ішінде 28 адам 13 млн теңгесін инвестициялады», - дейді БЖЗҚ СҚО филиалы барып қызмет көрсету бөлімінің бастығы Ғалия Мұқанова.

3,5 айда СҚО тұрғындарынан 17 мыңға жуық өтініш түссе, былтыр жыл бойына 16 мыңнан астам тұрғын зейнетақы қорындағы қолжетімді соманы пайдаланбақ болған.

«Өтініштердің 95,49 %-ы, яғни 14 637-сі – тұрғын үй жағдайын жақсартуға, 3 %-ы - 1 629-ы – емделуге қатысты және 95-і қолжетімді соманы инвестициялық портфельді басқарушыларға аудармақ болды. Жалпы сома 43,3 млрд теңгені құрады. Бірақ 12 095 адамның ғана өтініші қанағаттандырылды. Осылайша олар 19,3 млрд теңгені мақсатты жұмсай алды», - дейді Ғалия Мұқанова.