СҚО-да жабайы аңдарға құтырмаға қарсы 24,8 мың брикет тасталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында биыл үй жануарлары арасында құтырма ауруының екі дерегі тіркелді.

Фото: СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Көктемде Есіл ауданы Амангелді ауылында иесіне шауып, таламақ болған иттен күдіктенген тұрғын ветеринарларға жүгініп, көмек сұраған. Жүргізілген зертханалық сараптама нәтижесінде жануардан құтырма дерті анықталды. 

Ал Тайынша ауданында жазда қауіпті вирусты мысық жұқтырған.

СҚО Ветеринариялық қызметтің мәліметінше, облыста үй және ауыл шаруашылығы жануарларын құтыруға қарсы вакцинациялау жалғасып жатыр. Биыл барлығы 306 мыңға жуық жануарға екпе салынды. Оның ішінде 21 мыңға жуық ит, 9,5 мың мысық, 93 мыңнан астам ірі қара, 147 мың ұсақ мал және 35 мыңнан астам жылқы вакцинацияланды.

Десек те, ауру үй жануарларына жабайы аңдар арқылы да таралуы мүмкін. Сондықтан аурудың алдын алу шаралары үй және ауыл шаруашылығы жануарларымен ғана шектелмейді.

- Профилактикалық шара орманды және елді мекендермен шектес аумақтарда жүргізілді. Вакцина жабайы аңдарға жем арқылы беріледі, яғни бұл әдіс оларды ауламай-ақ құтыруға қарсы иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді, - дейді мамандар. 

Құтырма - жануардан адамға жұғатын аса қауіпті инфекциялық ауру. Сондықтан үй жануарында күмәнді өзгерістер байқалса немесе жануар адамды тістеп алған жағдайда, ветеринариялық және медициналық мамандарға дереу жүгіну қажет.

Естеріңізге салайық, жылдың басында Қостанай облысында құтырмаға шалдыққан сілеусін ауылға кіріп кеткен еді.