СҚО-да жаңа оқу жылында екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы Еңбек ауылында және Петропавлдағы «Береке» шағын ауданында алғашқы қоңырау жаңа мектепте соғылмақ.
СҚО білім басқармасының мәліметінше, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Береке» шағын ауданында 600 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны – 4,9 млрд теңге. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарының 85% орындалған.
– Барлық қажетті құрылыс материалы сатып алынып, құрылыс нысанында дайын тұр. Сыртқы инженерлік желілер қосылған. 1 тамыздағы жағдай бойынша «Береке» шағын ауданында салынып жатқан жаңа мектепке 542 өтініш түcті. Соның 116-сы қазақ тілінде білім алуға, 402 өтініш орысша оқуға және мектепалды даярлық сыныбына 24 өтініш қабылданды. Жаңа мектепке, сондай-ақ, №24 орта мектептен 209 оқушы, №25 орта мектептен 104 оқушы, №26 орта мектептен 200 оқушы және №32, №20, №17, №21 және қалалық классикалық гимназиядан 20 шақты оқушы ауысып келеді, - дейді СҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Бұл білім ордасының ерекшелігі – ол жалпы білім беретін мектеп болғанымен, заманауи жабдықталған зертханалары, информатика, робототехника және өзге де жаңғыртылған пән кабинеттері бар.
Есіл ауданы Еңбек ауылында салынып жатқан бір қабатты шағын комплектілі мектеп 50 балаға шақталған. Қасында 10 бүлдіршінге арналған шағын орталық бар. Бұл жергілікті кәсіпкер Қайырбек Қожасовтың ауылдастарына жасаған сыйы. Оқу ордасы 1 қыркүйекте есігін айқара ашпақ.
Жаңа мектептің ауданы 834 м². Бұған дейін аудан орталығы Явленка мен көрші Покровка елді мекеніне барып оқыған балалар үшін мұнда бар жағдай жасалған: 6 оқу кабинеті, спорт залы, асханасы, медициналық пункті бар.
Мектепте балалар қазақша білім алады.
Жалпы биыл СҚО-да 74 мыңға жуық бала мектепте оқымақ. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 6379 бүлдіршін қабылданады деп жоспарланған, бүгінгі күні ата-аналардан қазақ сыныбына 1700-ге жуық өтініш түсті.
Бұған дейін Алматы облысында биыл 11 жаңа мектеп пайдалануға берілетінін жазған едік.
Естеріңізге салайық, СҚО-да былтыр 14 мектеп жабылса, биыл тағы жетеуі жұмысын тоқтатуы мүмкін екенін жазған едік.